Конституция күні қарсаңында Президент арнаулы мандатқа ие омбудсмендермен және құқық қорғау құрылымдарының өкілдерімен кездесу өткізді. |
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүргізілген ауқымды конституциялық реформалардың нәтижесі туралы айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, Ата заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мемлекетті басқару моделін жаңғыртуға негіз болды. Конституциялық реформа барысында құқық қорғау саласына баса мән берілді.
Конституциялық Сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарады. Соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылды. Президент азаматтардың Конституциялық Сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алғанын атап өтті. Бұрын мұндай құқыққа билік институттары ғана ие болған еді.
Мемлекет басшысы азаматтардың омбудсмендермен қарым-қатынасы жандана түскеніне назар аударды. Өтініштердің саны екі есе артты.
Президент адам құқықтарын қорғау жүйесі өкілдеріне бірқатар міндет жүктеді. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары және құқық қорғау құрылымдары алдын алу шараларына баса мән беруі керек.
– Барлық түйткілді бағыттар бойынша проактивті түрде жұмыс жүргізу қажет. Азаматтардың құқығының бұзылуына жол бермеу және алдын ала болжау тетігін жетілдіру керек. Көп жағдайда бұл міндеттің табысты орындалуы азаматтық қоғаммен тығыз қарым-қатынас жасауға байланысты. Құқық қорғау институттары өз төңірегіне сарапшыларды, үкіметтік емес ұйымдардың мамандарын шоғырландыруға тиіс. Сіздер мен құқық қорғау қауымдастығы арасында ашық диалог дамуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы атап өткен тағы бір басымдық – Конституциялық Соттың жұмысын одан әрі жетілдіру. Президенттің пікірінше, Конституциялық Соттың шешімдерін ескере отырып, оларды заң жүзінде бекіту маңызды. Сондай-ақ Парламент пен Конституциялық Сот тығыз байланыста жұмыс істегені жөн.