Тема / 23.08.2023 16:03

Мемлекеттік грант қадағалана ма?

Мемлекеттен кәсіп ашу үшін алған гранттың мақсатты жұмсалуы қадағаланады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

"Грант, әртүрлі көмек алған азаматтар өздеріне қажетті IPhone, киім-кешек сияқты заттар алады деген әңгіме айтылып жүр. Осындай деректер кездесін қалған кез бар. Азаматтың әлеуметтік грант алып, оны басқа жаққа жұмсауын қалай қадағалайсыздар? Мемлекеттен кәсіп ашу үшін грант алған азаматтардың қаржыны мақсатты жұмсауы қадағалана ма?" – деп сұрады журналист спикерлерден.

ҰЭМ Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Нұрбол Жанабеков бөлінген қаржы ереже бойынша жұмсалуы шарт екенін айтты.

"Ұлттық экономика министрлігінің 5 млн теңгеге дейінгі гранты және Еңбек министрлігінің 400 АЕК-ті құрайтын гранты бар. Бірақ Ұлттық экономика министрлігінің 5 млн теңге гранты бойынша ондай фактілер (гранттың мақсатты жұмсалмауы – ред.) болып жатады. Бірақ ереже бойынша азамат қандай да бір жобаға қаражат алса, оны нысаналы пайдалануы керек", — деді Нұрбол Жанабеков.

Оның сөзінше, азамат грант алмай тұрып, үшжақты келісімшартқа қол қояды. Олар – әкімдік, кәсіпкер және «Даму» қоры.

"«Даму» қоры грант берілгеннен кейін кәсіпкер қаражатты қаншалықты нысаналы жұмсағанын және өз талаптарына сай пайдаланғанын тексереді. Ал нысаналы пайдаланбаған фактілер болған жағдайда кәсіпкер сот арқылы алған қаражатын қайтаруға міндетті болады. Грант қайтарымсыз болғанымен, оның да өз сұраулары бар", — деп айтты департамент директоры ОКҚ алаңында.

Егер ереже бұзылса, ақша міндетті түрде бюджетке қайтарылады.