Қаңтаршыларды қорғап жүрген үш адвокаттың қызмет жолы туралы
2022 жылғы мамыр. Кішігірім адвокаттар кеңсесінде қаңтаршылар мен адвокаттардың кездесуі өтіп жатыр. Олар қаңтар оқиғасында азапталғандардың ісін әділ тергеуге қалай көмектесуге болатынын талқылады.
Сол кезде сөз алған үш адвокат – Төлеген Берліқожа, Айнара Айдарханова және Жалғас Сапарханова бір жарым жыл өткеннен кейін де Қаңтар оқиғасына байланысты істерді жүргізіп келеді. Ал сол мамыр айындағы кездесуге келгендердің көбі қазір олардың қорғауында.
Власть адвокаттармен олардың жеке өмірі, қызмет жолы, қиындықтары, соттар және олар үшін қаңтар оқиғасының маңызы туралы сөйлесті.
Жалғас Сапарханова
Адвокат Жалғас Сапарханова қолына бір құшақ қағазды ұстап алып, бізге қарай асығып келе жатыр. Жүзінен қуаныш лебі сезіледі. Ол бұл күні Қаңтар оқиғасы кезінде «ҰҚК подполковнигін өлтірді», «қару-жарақ ұрлады және сақтады» деп айыпталып, 16 жылға сотталған Ербол Жұмановтың ісі Жоғары сотта қаралатыны туралы хабар алған.
«Бұған дейін Өжет Жеңісхан мен Бақыт Оңтай деген екі баланың ісін Жоғары сотта қарау туралы өтінішімізді қарамай қойды, бірақ биыл амнистиямен шықты. Сол сияқты Ерболдың да ісін Жоғары сотта қарамай қоя ма деп қатты уайымдаған едім. Сөйтсем, бүгін осы хат келді, — деп ол қолындағы қағазды бізге қарай жылжытты. — Қуанғаннан жылап жібердім. Осыдан кейін бостандыққа шығып кетсе екен. Бұл сотқа үлкен үміт артып отырмыз».
Жалғас Сапарханова 2019 жылдан бері «Алматы қалалық адвокаттар алқасының» ювеналды заң кеңесінде жұмыс істейді. Ол заң саласына қызығуы мектепте оқып жүргенде оянғанын айтады.
Адвокаттық лицензия алғаннан кейін Жалғасты қарақшылық жасады деп айыпталып отырған кәмелет жасына толмаған баланы қорғауға жіберген. Алайда, адвокат пен қорғаушының жеке тілдесуі өтпестен тергеуші тергеу әрекетін бастап кеткен.
«Мен келгенге дейін қорғауымдағы бала тергеушіге қолында пышақ болғанын, бірақ жолда келе жатып лақтырып жібергенін айтып қойыпты. Қорғау тарабы қорғауындағы азаматты ақтап алу үшін барлық заңды мүмкіндікті пайдалану керек. Сондықтан пышақ туралы сұрамаса, ол туралы айтпайды деп келістік. Ол дәл солай істеді. Тергеуші пышақ туралы айтпағаны үшін ашуланып кетіп, үстелді бір ұрды да, криминалисті шақырды. Одан кейін қорғауымдағы бала жедел іздестіру қызметкерлерінің жолда көрсеткен қысымы туралы айтып берді», – деп есіне алды Сапарханова.
Кейін тергеуші бұл істен Сапарханованы алыстатып, басқа адвокат тағайындапты.
Сот, кездесулер және қоңыраулар
«Сот болмаған күні басқа шаруаларды бітіреміз. Арыз-шағым толтыру, клиенттермен кездесу. Үйде отырып жұмыс істегенді жақсы көремін. Тыныштықта жалғыз өзім отырып, арыз, өтініштерді толтырамын. Ал кеңседе жұмыс істегенде әріптестермен ақылдасуға, кеңесуге мүмкіндік болады».
Адвокаттардың тұрақты жұмыс уақыты жоқ, олар көбіне сот пен тергеу әрекеттерін қай уақытқа қойғанына байланысты жұмыс істейді.
Ал бүгін Сапарханова кеңес алуға жазылған адамдармен кездесуді жоспарлап отыр және жолай қаңтар істерінде көмек көрсетіп келген Адам құқықтарын қорғау бюросы мен «Халықаралық құқықтық бастама» қорына соқпақшы.
«Екі жылға жуықтап қалды. Істерімнің жартысы осы ұйымдардың арқасында өтті, қаражат жағынан қиналған адамдарды адвокатпен қамтамасыз етеді. Азапталған азаматтардың емін төлеуге де көмектесті», – деп түсіндірді ол.
Көлікте қорғауындағы азаматтың інісі де отыр. Ол бүгін Жалғаспен ағасының ісін ақылдасуға келген.
«Біз жақын жерде тұрғандықтан жолай алып кеттім», – дейді адвокат.
Жолда Сапарханова келесі апта өтетін сот істерін тізімдей бастады: «Дүйсенбі Арман Жұмагелдиевтің ісі, сейсенбі – қаңтар оқиғасында ғимаратқа шабуыл жасады деп айыпталғандар ісі. Келесі апта процестен процесс болайын деп тұр».
«Бір істен шығып екінші іске дайындалып үлгере аласыз ба?» деген сұрағымызға:
«Иә, түнде келіп дайындаламын. Үш күн қатарынан тергеу изоляторына барған кездер болды. Таңғы 6-да кетеміз. Бір құдды сонда жұмыс істейтін сияқтымыз», – дейді Жалғас күліп.
Жолай оған хабарламалар мен қоңыраулар келіп жатты. Сондай бір қоңырауға жауап берген Жалғас «енді өтініш емес, шағым ғана жазу қалды» деді ашуланып.
«Қорғауымдағы азамат бүгін медициналық тексеруден өтуі керек еді. Оған рұқсат сұрап, өтініш жазғанбыз, бүгін таңертең бару керек еді, бірақ оны кешіктіріп апарғандықтан, кезегі өтіп кеткен», – дейді ол.
Сапарханованың кеңсесі абыр-сабыр: басқа адвокаттар бірі телефонмен сөйлесіп, бірі өтініш жазып жатыр. Кеңсе сыртында Жалғасты 2018 жылғы «жиһадшылар ісі» бойынша сотталған Алмат Жұмағұл күтіп тұр. Жалғас асығыс кабинетіне кіріп, клиенттерді қабылдауды бастады. Ол күн батқанға дейін сонда болды.
Бірнеше күннен кейін Жалғас Сапарханова Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотына барды. Ол жақта Сапарханованы қорғауындағы белсенді Шукур Абдуллаев күтіп тұр. Абдуллаевты тіркелмеген ұйымға қатысты деп айыппұл салған сот шешіміне Сапарханова шағым келтірген. Бұған дейінгі сот отырысында істің мән-жайы қаралып қойғандықтан, бүгін тек сот шешімі шығуы керек.
Сотқа қатысу үшін құжаттарды тексеру, дыбыстық жазуды іске қосу жұмыстарына қарағанда, соттың аяқталуы тезірек болғандай. Сот бірер минуттан кейін Сапарханова түсірген шағымға қатысты оң шешім шығарғанын хабарлады. Абдуллаев сот шешіміне қуанып, Жалғасқа алғысын білдірді. Сыртқа шыққаннан кейін олар істің мән-жайын сөйлесіп, суретке түсіп тарқасты. Осы сәтте сырттан бақылап тұрған бір егде жастағы ер азамат Жалғастан бұғатталған банк шотына қатысты кеңес сұрай бастады.
«Олардың қалай азапталғанын есту, жара ізін көру ауыр болды»
2022 жылы 7 қаңтар күні Жалғас кезекшілікте болғанда қалалық полиция департаментінен қоңырау түседі. Оның Қаңтар оқиғасымен байланысты алғашқы ісі осы күні басталды.
Кәмелет жасқа толмаған бала ұрлық фактісі бойынша ұсталған, Жалғас мемлекеттік адвокат ретінде оны қорғауы керек болды. Ол күндері билік интернетті өшіріп тастады, көшеге шығуға болмайды. Сапархановаға телефон арқылы қорғауға тура келген.
Осы істен кейін Жалғасқа Қаңтар оқиғасымен байланысты басқа істерді де алуға өтініштер түсті. Ұсталған балаларымен көрісе алмай жүрген ата-аналар көмек сұраған.
«Ең бірінші қорғауыма түскен кәмелет жасына толмаған бала еді. Сонымен бәріміз қуанып тұрған сәтте, сол жерде қаңтар бойынша ұсталғандардың жақындары жүрген, олар менен кеңес сұрай бастады. Осылайша, қаңтар оқиғасы бойынша істерді ала бастадым», – деп есіне алды адвокат.
Қорғауындағы азаматтармен алғаш кездесуге келгені әлі күнге дейін есінде. Олардың көбі азапталған, есін жиып үлгермеген. «Осы істерден кейін, тіпті басқа іс алғым да келмей қалды. Қаңтар оқиғасы ешқашан ұмытылмайтын таңба. Қаншама азаматтармен таныстым, қаншама тағдырды көрдім. Оларға барғанымда азаптаудан енді өткен кезі еді, әлі жарасы жазылмаған. Әрине, қалай азапталғанын естіп, жарасын көру өте ауыр тиді», – дейді.
Әсіресе, оған тараздық Ербол Жұмановтың ісі қатты әсер еткен. Былтыр Ербол 16 жылға сотталды, оны ҰҚҚ қызметкерін өлтірді және қару-жарақ ұрлады деп айыптады.
«Сот үкімі шыққанға дейін маған Тараздың бір тұрғыны жазды. “Мына бала жазықсыз сотталып кеткелі тұр” деп көмектесуімді сұрады. Ол кезде екі күн “әуежай ісі” және үш күн “24+1 қаңтаршылар соты” (Алматыдағы қаңтар оқиғасына қатысқан 25 адамның соты, олардың біреуі қайтыс болғаннан кейін сотталды – В.) болып жатты. Сол соттарда жүргендіктен, мен бұл істі ала алмадым.
«Бірақ сот оған он алты жыл берген кезде түнімен ұйықтай алмадым. Шынымды айтсам, өзімді бір жағынан кінәладым. Сонымен келесі күні ағасына хабарласып, осы істі алдым», – дейді Сапарханова.
Бірақ жеті сот процесінен кейін сот шешімді өзгертусіз қалдырған.
«Жеңеміз деп үміттеніп жүрдік, себебі қолымызда толық ақтайтын айғақтар бар еді. Соның бәрін негізге алмағаны өзіме қатты тиді. Сол сәтте “сот прокурордың қорытындысын негізге алып, үкім шығара салатын болса, адвокаттар не үшін керек?” деген ой келді. Осыны көре тұра алдағы соттарым қалай болады деген де ой болды. Сол сәтте кішкене үмітім үзіле бастады, денсаулығыма әсер етті», – дейді адвокат.
Бірақ, қайта күресуіне күш берген қорғауындағы Ербол Жұмановтың өзі болыпты.
«Апелляция шешімі шыққаннан кейін тергеу изоляторына кірдім. Кірген кезімде Ербол басын тік көтеріп, кәдімгідей күліп келді, мені кішкене сол да жұбатты. “Уайымдамаңыз. Мүмкін Жоғары сотта жеңеміз” деді. Сол да кішкене күш берді. Мен оны жұбатудың орнына, керісінше, Ербол мені жұбатып отырды. Артымда маған үміт артып отырған қорғауымдағы басқа да азаматтарды ойладым», – дейді ол.
Қарбалас жұмыс арасында кейде отбасына, үй шаруасына көңіл бөліп үлгере алмай жататын кездер болады. Бірақ жұмыстан бөлек отбасы бар екенін үнемі есте сақтауға тырысамын дейді.
«Жұмыстан кейін отбасыма келе жатқан кезде, жұмыстың барлығын сол жақта тастап, тек отбасыммен уақытты өткізуді ойлаймын», — дейді ол.
Адвокат бірнеше істі тегін жүргізіп келеді, себебі ол бұл жолда «халықтың батасы» маңызды деп есептейді. «Ризашылығын білдіріп жатқанның өзі ақшадан да үлкен», – деп қорытындылады Сапарханова.
Айнара Айдарханова
Кіреберістегі ақшыл көк түсті қабырғада ілініп тұрған мақтау қағаздары мен сертификаттардан бос орын жоқ. Бөлмедегі фотосуреттерден адвокат Айнара Айдарханова мен анасы Гүлнәр Жуасбаеваны көреміз, бұл – екеуінің кеңсесі.
Кеңседе тұрған заттардың көбі адвокаттардың бұрынғы істері туралы естеліктер. Негізгі бөлменің шыға берісінде «Әділдік заңнан биік» деген жазуы бар баннер ілініп тұр. Бұл Жуасбаева жүргізген Қордайдағы жүк көлігін жүргізушілер ісінен қалған.
Қазір анасы мен қызы Қаңтар оқиғасымен байланысты шулы қылмыстық істерді жүргізіп келеді.
Айнара кішкентайынан арыз-шағымдар қалай жазылатынын көріп, анасының істеріне көмектескен. Студенттік жылдары судьяның көмекшісі болып жұмыс істеген. Айнара бұл қызметтің кемшілігін білгендіктен, бала кезімде адвокат болуды қаламадым дейді.
«Ол кезде онлайн процестер болмайтын, анам елдің түкпір-түкпіріне кететін. Оны көп көрмей, сағынатынмын. Бірақ уақыт өте келе шынымен адвокат болғым келетінін түсіндім», — дейді ол.
Осылайша, ол үш жыл бұрын адвокат лицензиясын алды, қазір ювеналды адвокаттар алқасында. Олар көбіне балалар құқығына қатысты істерді қарастырады. Бұдан бөлек, азаматтық және қылмыстық істерді де жүргізеді: ажырасудан кісі өліміне дейінгі істер бар. Айнараның есінде ауыр таңба қалдырған істің бірі – әкесінен зорлық көрген қызға қатысты.
«Ол бұған дейін де зорлық көрген, бірақ бұл туралы айтсам ешкім сенбейді деп ойлап, мұндай жағдай қайта болғанда, ол бәрін видеоға түсіріп алған. Одан кейін үйден қашып кетіп, бәрін құқық қорғау органдарына жеткізген. Әдетте ересектердің өзі полицияға жүгініп, әділдік үшін соңына дейін, үкім шыққанға дейін күресе алмай жатады. Ал ол болса осындай қиын жолдан өтті. Балаларды бейімдеу орталығында, қамқоршылық органдарының үнемі қадағалауында өмір сүрді. Ол қылмыскер 19 жылға сотталды», — деп есіне алды адвокат.
Айнара Айдарханова
Айнарадан адамгершілік талаптарына сай келмейтін әрекет жасаған адамдарды қорғауына ала ма деп сұрадық. Ол бірде кісі өліміне кінәлі деп айыпталған адамды қорғауға тура келгенін айтты.
«Мен тергеу тағайындайтын кезекші адвокат болдым, — дейді Айдарханова. — Оның істеген әрекеті мен үшін кешірілмейтін нәрсе еді, бірақ мен өз жұмысымды орындадым. Кейін оның соққыға жығылғаны және бұл ұрып-соғу одан айғақ бопсалау салдары болуы мүмкін екені анықталды. Мен бәрін жазып алдым, кейін азаптау бойынша іс қозғалды. Бірақ оның көңілі толмады, кінәрат-талабы болды. Маған да жақпады. Нәтижесінде оның отбасы сот басталғанда ақылы адвокат жалдады, мен оны қорғамадым».
Айнараның айтуынша, күдікті кінәлі болуы мүмкін деген ой болса да, тіпті атышулы сот процестерінде тергеудің қаншалықты нашар жүргізілетінін көріп, мұны нақты айту қиын.
«Өте көп заң бұзу және оның кез келгені адамды бас бостандығынан айыруы мүмкін. Білесіз бе, фильмдерде полиция қызметкерлері кіріп келгенде, шынтағына дейін қанға боялған адамды көреді және біреудің кінәлі екеніне 100% сенімді екенін көрсетіп жатады ғой, мен ондайды әлі көрмедім», — дейді Айнара.
Айнараның қызметіне көбіне «сарафан радио» арқылы, яғни басқалардан естіп келгендер жүгініп жатады, ал адвокаттар өздері туралы тікелей жарнама жасай алмайды.
«Сол себепті де сіздер америкалық фильмдерде көрсететіндей (адвокаттар туралы) үлкен баннерді еш жерден көрмейсіздер», — дейді ол күліп.
Әуежайды басып алу ісі
Айдарханова азаматтық белсенді, журналист Әйгерім Тілеужанды қорғап жатқан «әуежайды басып алу ісі» бойынша онлайн сот техникалық ақауларға байланысты басталар емес. Оған қоса модераторлар сотқа қатысушылардың дыбысын өшіруіне байланысты дау-дамай туындап жатты.
Айнара экраннан бір бума құжаттарды ашып қойып, адвокаттардың кезекті өтініш хатына апелляциялық соттың шешімін күтіп отыр. Бөлмедегі үнсіздікте тек сағаттың тықылы ғана естіледі.
Апелляциялық кеңес өтініш-хаттарға жауап беруді бастайды, бірақ олардың жауабын күтпестен, Айнара іштей сыбырлап, «Қабылданбайды…» дейді. Артынша соттан дәл сондай жауап естіледі.
Біз одан мұндай процестердің алдында мазасыздана ма деп сұрадық.
«Негізі үйреніп кетесің. Нәтиже қандай болатынын білсең де, аз да болсын әділ шешімге үміттенесің», — деп жауап берді.
Айнара үнемі өзіне түртіп жазып отыр және қоңырауларға да жауап беріп жатыр. Сот өтініштерді беру процесі аяқталғаннан кейін Айнараға сөз берді. Ол қорғауындағы азаматтың кінәсіздігіне дәлелдер келтіріп, қорғай бастады. Бұл ұзаққа созылды.
«Әділетсіз шешім шығарғанда, біздің жұмыс осындай екенін түсініп, мұны қабылдау керек»
Айнара өз өмірін Қаңтар оқиғасына дейін және кейін деп бөледі. Оның айтуынша, сол күндері жатпай-тұрмай жұмыс істеген, үнемі тергеу изоляторларына барып келіп жүрген. Айнара өзін әлі 2022 жылда өмір сүріп жүргендей сезінеді.
«Анамның жұмысынан мұның бәрі қалай әділетсіз болуы мүмкін екенін көрдім. Үнемі бір бақылауда жүресің, қудалау да болады. Бұл сенен бар қуатыңды сығып алатын эмоциялық істер. Мен кейде анама “Бұдан кейін саяси істерді алмайықшы” деп айтатынмын. Мұның бәрінің денсаулығыңа, жалпы күйіңе әсер ететін кері тұсы бар», — деп бөлісті Айнара.
Айдарханова Қаңтар оқиғасымен байланысты істерді адамдар жүгіне бастағанда алған. 2022 жылы ақпанда көбі қамауда болған, ол тергеу изоляторына барып жүргенде қорғауындағы азаматтармен қатар ұсталғандарды көрген. Ол кезде көбінің адвокаты болмаған, Айнара оларға не істеуге болатыны туралы кеңестерін бөліскен. Осылайша, ол азаптау құрбандары Қосай Маханбаев, Ақылжан Қисымбаев, Нұртас Қаранеевті және тағы басқаларын қорғай бастаған.
Айнара бұл істер бір жылдан астам уақытқа созылып кеткендіктен ол қорғауындағы азаматтармен ұзақ уақыт сөйлесіп, оларға жанашырлықпен қарайтынын айтты.
«Арадағы шекараны сақтау керек деген айтылмайтын ереже бар екенін түсінемін. Бірақ жаныңа бататын адамдар мен істер бар. Мен Қосай мен Әйгеріммен достасып кеттім. Оларға көмектесемін әрі олар үшін уайымдаймын. Олармен бұл қашықтық сақтай алмадым және ол үшін өкінбеймін, олармен танысқаныма қуаныштымын. Өткен демалыс күндері Қосайдың анасына ас берілді, ол жерде де болдым. Маған алғысын білдіріп, сыйлап, жылы лебіз білдіретінін сеземін. Ол маған жай ғана кеңес сұрап жаза алады, тіпті заң мәселелеріне қатысты емес сұрақтар болсын», — дейді Айнара.
Ол Қаңтар оқиғасымен байланысты бес істі жүргізген. Оның ішінде Айнараға «әуежайды басып алу ісі» қатты әсер еткен. «Басып алу болмаған іс», — деп түртті ол.
Адвокат Әйгерім Тілеужанмен ол журналист болып жүргенде танысқан. Бірде Әйгерім оны «әуежайды басып алу ісі» бойынша куәгер ретінде бірнеше рет тергегенін айтқан және Айнарадан адвокаты болуды сұраған. «Кейін оны күдікті деп тауып, үйқамаққа жіберді. Ол кезде ол жалғыз тұратын және менімен ғана байланыста болды. Осылайша біз достасып кеттік», — дейді Айнара.
Ол іс материалдарын, оның ішінде көрсетілген видеоны қарай бастағанда Әйгерімге тағылып отырған айыпқа ешқандай дәлел жоқ деген түйінге келеді.
«Біз төрт ай бойы сотта куәгерлерден және сол жерде болғандардың бәрінен жауап алдық, олардың бәрі бірауыздан Әйгерім оларға басшылық етпегінін айтты. Бірақ сот осындай қатал шешім шығарды. (Әйгерім Тілеужан 4 жылға сотталды – В). Мүмкін аңқаулығым шығар, бірақ мен оны ақтайды деп күттім. Әзірге бұл мүмкін емес сияқты. Сот жай ғана тергеу айыптауымен келісе салды», — деп есептейді Айдарханова.
Айнара үшін ең қиыны — өзі әділетсіз деп санайтын үкімді қабылдау.
«Бәрі айдан анық сияқты көрінеді. Бірақ сот әділетсіз шешім шығарады. Мұны қабылдау керек, біздің жұмысымыз сондай. Бәрі әділ болғанда, біздің мамандықтың керегі де болмас еді. Әрине, бәрі шаршайды, қажиды», — дейді ол.
Қайта қалыпқа келуге Айнараға отбасы мен қоршаған ортасы көмектеседі. Ол жер үйде тұрғандықтан баубақшаға қарайды не шығармашылықпен айналысып, сурет салады, отбасымен, достарымен табиғат аясына шығып тұрады.
«Күш жинап, күнделікті зұлымдықпен күреске қайта ораламын», — деп күледі.
Әділдік бар ма деген сұрағымызға Айнара:
«Әділдік бар, бірақ ол қымбатқа түседі және ол үшін күресу керек» деп жауап берді.
Қазір Айдарханованың алдағы қызметі Алматы қалалық соты шығарған қаулы нәтижесінде оны адвокаттық лицензиясынан айыра ма, соған байланысты болғалы тұр. Ол қаулы 19 қыркүйекте адвокаттар мен журналистер, белсенділер «әуежайды басып алу» ісі бойынша өтпекші болған Алматы қалалық апелляциялық сотына кіре алмаған кезде шықты. Адвокаттар соттың офлайн өтуін талап етіп, онлайн сотқа қатысудан бас тартты. Сол кезде Алматы қалалық соты адвокаттар сот отырысын бұзды деп жеке қаулы шығарған еді.
Бірақ Айнара одан лицензиясын тартып алатын болса да азаматтық істерге қатысып, заңгер болып қаламын дейді.
«Бәрі жақсы шешілсе, адвокаттық қызметімді жалғастырамын. Халықаралық дәреже алуды жоспарлап жүрмін, ол үшін Лондонда оқып шығуым керек. Осы жоспарымды іске асыру үшін жұмыс істеймін. Болашақта біз кеңейеміз деп үміттенемін, ойымыз бен ұстанымыз бір жерден шығатын адвокаттармен бір бірлестігіміз болса», — деп бөлісті Айнара.
Трактор ісі
Сәске түс. Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының күту залында белсенділер, құқық қорғаушылар, журналистер мен адвокаттар жиналып жатыр. Бір әйел аралап, қоғамдық-саяси «Дат» газетін таратып жүр.
Тұрмыс-тіршілік әңгімелері лезде саяси тақырыпқа ауысты: сайлау, белсенділер ұсталуы және алдағы сот. Бұл сотқа белсенді қатысып жүрген адвокаттың бірі – Төлеген Берліқожа. Ол бұл сотта қаралатын істе екі адамды қорғап жүр, олар: Бағдагүл Андреева және Теңлік Нұрланов.
Бұл «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, билікті басып алуға шақыру және экстремизм» ісі қаралатын сот процесі. Бұл істе жеті адам айыпталып отыр, олардың екеуі Қаңтар оқиғасында азаптаудан зардап шеккен Айдос Іліпбаев пен Ақылжан Қисымбаев.
Таңғы 10-нан кешкі 5-ке дейін прокурор 30 томнан тұратын істің жүздеген бетін оқиды. Арасында тек түскі үзіліс болды. Ара-тұра прокурордан анық және қаттырақ оқуын сұраған айыпталушылардың дауысы ғана бірсарынды атмосфераны өзгертеді. Бұдан кейін прокурор дауысын көтеріп оқи бастады, бірақ бұл бір минутқа ғана созылды, енді қайтадан оның дәлелдемелерді оқыған дауысы әрең естіледі. Арасында белсенділер күзетшілерден тығып айыпталушыларға құрт беріп жібереді. Бірақ біраздан кейін мұны конвоир байқап қойып, тоқтады.
Ал айыптаушылар әрқайсы түрлі жағдайда отыр. Қызарып, әбден шаршаған Бағдагүл Андреева шынтағын темір тордың шетіне сүйеп отыр. Біраздан кейін оған адвокаты Төлеген Берліқожа қағазға жазып, хабарлама бере бастайды. Түскі үзілістен кейін Берліқожа сот келгенге дейінгі уақытты пайдаланып, қорғауындағы азаматтармен сөйлесіп үлгереді. Олар оған прокурор оқыған стенограммада сөздерінің бұрмаланғанын айтады. Адвокат оларға сондай тұстарын есте сақтап алуды және өтініш түсіруді сұрайды. Оның жанына басқа адвокаттар да қосылып, олар у-шу болып сөйлесуін жалғастырады.
Сағат беске таман прокурор айыптау дәлелдемелерін оқуды аяқтайды. Адвокат Жанар Балғабаева айыптау қорытындысына қатысты ескертулерін жасайды. Соттың соңына таман Берліқожа сотталушылардың сөзін, айтылған деректердің шындыққа сәйкес келмейтінін айтқысы келеді, бірақ судья: «Алдымен ат, сосын арба жүреді», – деп оның сөзін бөліп тастайды. Айыпталушыларға сөз келесі сот отырысында берілетінін хабарлайды.
«Не кінәні мойындап тұрғанын білмейді, тек бас бостандығынан айырмаса дейді»
Біз Әділет-Ар адвокат конторасына келдік. Дәл осы жерде былтыр мамырда адвокаттар мен азаптау құрбандарының жиналысы өткен. Бұл Төлеген Берліқожаның жұмыс орны және сондай-ақ мұнда саясаткерлер мен азаматтық белсенділерді қорғап жүрген басқа да адвокаттар істейді. Біз асығыспыз, себебі бір сағаттан кейін Төлеген Берліқожада клиентімен кездесу жоспарланған.
Ол екі адамды қорғайтын «экстремизм» ісі туралы айта бастады. Берліқожа бұл істі «трактор терроризмі» деп атайды. Ол тергеу изоляторынан жаңа ғана келді, ол жерде қорғауындағы азаматтармен кездесу үшін бірнеше сағат бойы кезекте тұрған.
«Мен Бағдагүл Андреева мен Теңлік Нұрлановты қорғаймын. Олар қарапайым адамдар. Бағдагүл – қаңтаршыларға көмектесіп жүрген блогер. Соның ішінде ішіп алғаны бір жігіт трактордың жан-жағына цементтен жабынқыш жасап, Ақорданы басып алайық дегенді айтады. Алматы қайда? Ақорда қайда? Трактор қайда? Олардың қалталарында көк тиын жоқ, мұндай адамдар қалай билікті асып алады? Ол үшін бір қаржысы, қару-жарақтары болу керек, ал оларда ондай ештеңе жоқ», — дейді ол.
Берліқожа бұл Қаңтар оқиғасы қайталанатын болса, полицияға, араңдатушыларға қарсы күресеміз деп жүрген адамдар дейді.
Төлеген Берліқожа
«Иә, мұны мойындап отыр. Бірақ мұны жасаймыз деген жоқ қой. Сол сөздері үшін ғана бұларды экстремизм деп жауапқа тартылып жатыр», — дейді ол.
Берліқожа ішкі істер органдарында отыз жылдан астам қызмет атқарған, Астанада тергеу басқармасының бастығы болған.
«Біз қылмыспен күресіп, сотқа дайындалатынбыз. Әрине, заңсыздықтар да болғанын жоққа шығара алмаймын. Осы айда осынша іс өтуі керек деген сияқты жоспарлы көрсеткіштер де болды. Қылмысты ашудың пайызын көбейту керек болған соң, бір қылмысы дәлелденсе, бірі дәлелденбесе де, сотқа жібере салатын жағдайлар да болды», — деп есіне алды.
Зейнетке шыққаннан кейін «жақсы болды, босадым» деп ойлаған.
«Зейнетке шыққаннан кейін үйге келдім, бала-шағам бар. Енді демалсам болады деп ойладым. Бірақ жігіттер адвокат бол деп шақырды. “Қайтадан сол полиция, қайтадан сол сот, түрме. Маған отыз жыл жетті ғой” деп жауап бердім».
«Бірақ олар бірінші байқап көруімді ұсынды: “Кейбір адамдар жазықсыз кетіп жатыр. Сен де оны білесің”. Иә, ондай жағдайлар болып тұратын. Осылайша, адамдарға қолұшын созайын деген ұстаныммен адвокат болдым», — дейді Берліқожа.
Осылайша, ол 15 жылдай адвокат болып істеп келеді және «Әділет-Ар» меңгерушісі.
«Көбіне оппозиционерлерді біз қорғаймыз. Негізі өзім елде болып жатқан барлық қылмыс үшін билікті кінәлаймын. Жоқшылықтан адамдар ұрлыққа барады, қылмыс жасайды. Көбіне жағдайы жоқ адамдарға көмектесуге тырысамын», — дейді ол.
Оған жүгінетін адамдар арасында ақысын төлейтіндер бар, бірақ көбіне Берліқожа кей істерді тегін де алып жатады. Кей істер үшін Адам құқығын қорғау бюросы төлейді.
Қаңтар оқиғасында алғашқы істер 5, 6 қаңтар күндері түскен. Ата-аналары балаларын іздеген. Ол басқа адвокаттармен бірге ұсталғандарға адвокат ретінде көмектесуге дайын екенін айтып, барлық аудандық ішкі істер бөлімдеріне хат жазған.
«Шынымды айтсам, сол күндері халықтың бейбіт шеруге шыққанына қуандым, бірақ араңдатушылар бәрін бүлдірді. Тонап, бүлік шығарды, өртеді. Сол кезде билік басынан, әкімшіліктен адамдар шығып, жөнін айтса, онда мынандай қантөгіс болмас еді. Бірақ мұның не себепті болғанын түсіну керек. Бұл кедейшіліктен, жоқшылықтан болып отыр. Назарбаев билігі кезінде пайда болған жемқор қылмыстық топтар еліміздің қазба байлығын сатып, ұрлап, халықты осындай жағдайға әкелді», — дейді ол.
Қаңтардан кейін Берліқожа Талдықорғанда бес адамды және Алматыда 17 адамды қорғаған. Ол барлық қорғауындағы азаматтармен тығыз байланыста және «олар үшін жүрегім ауырады» дейді.
«Олар бәрін дұрыс істеді демеймін, заңсыз әрекеттері бар. Бірақ осынша жылға түрмеге жабатындай, оларды азаптайтындай қылмыс емес қой. Сол оқиғаның ауқымын, қылмысын кеңейтіп, жаман жағдайда көрсету үшін осыншама адамдарды жауапқа тартып жатыр», — деп есептейді ол.
Төлеген Берліқожа әрқашан әділ сот болатынына үміт артатынын, бірақ үлкен қорқыныш та қатар жүретінін айтады. Оған қорғауындағы азаматтар келіп «Қалай болады?» деп сұрағанда, не айтарыңды білмей, қысылып қаласың, артынша “әділ болатынына үміттенемін” деп жауап беремін дейді.
«Бостандық аудандық сотында 25 адамның ісі қаралды, оларға бас бостандығын шектеу туралы үкім шықты. Соған қуанып қалдым, шынымды айтсам, мен нәтижесі не болады деп уайымдадым. Іс жақсы өтсе, айыпталушылардың туыстары қуанып, құшақтап, бетімнен сүйіп жатады. Ал болмаса, олармен бірге қайғырасың, — дейді Берліқожа. — Бәрінің айтатыны бір: “Алаңды көруге шықтым, бейбіт түрде. Кінәмді мойындаймын”. Не кінәні мойындап тұрғанын өздері білмейді. Тек бас бостандығынан айырмаса дейді. Бала-шағам бар деп жылайды. Қандай аянышты жағдай. Осыларды көремін де, жүрегім ауырады».
***
Қазіргі уақытта қаңтар оқиғасы бойынша бірнеше ірі сот процесі жүріп жатыр. Жалғас Сапарханова мен Төлеген Берліқожа танымал криминал Арман Жұмагелдиев, ҰҚҚ 5-бөлімінің бұрынғы басшысы Руслан Искаков және тағы 42 адамға қатысты өтіп жатқан сот процесіне қатысып жүр. Сондай-ақ, қаңтар оқиғасы кезінде «ғимараттарға шабуыл жасау» бойынша айыпталып отырған 11 адамның ісінде қорғаушы. Айнара Айдарханова «әуежайды басып алу» ісі бойынша апелляция сотында бір адамның қорғаушысы.
Сонымен қатар, Алматыда ҰҚК-нің 11 қызметкеріне қатысты сот процесі мен қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан 4 жасар Айкөркем Мелдеханның соты жабық есік жағдайында өтіп жатыр. Жоғарғы сот 16 жылға сотталған Ербол Жұманов пен Таразда қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан 5 адамның ісін қарап жатыр. Қаза тапқандарға қатысты жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды және тәртіпсіздіктерге қатысуға шақырды, оқ-дәрілерді заңсыз иемденді, сақтады, тасымалдады деген айыптар тағылды.
Құқық қорғаушылар мен адвокаттар сот процестерінде жарыспалы өту қағидаты бұзылғанын және «айыптаудың артында мемлекеттің бүкіл аппараты тұрғандай әсер пайда болғанын, ал айыпталушылар мен жәбірленушілер мұндай тиісті қорғаудан айырылғанын» бірнеше рет мәлімдеді.
2023 жылғы қаңтарда бас прокурор Берік Асылов сотта 1221 адамға қатысты қылмыстық істер қаралғанын, оның ішінде 1205 азамат сотталғанын хабарлады. Ол кезде 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тергеу сатысында болды. Рақымшылық 1095 адамға қатысты қолданылды.