Новости Казахстана / 07.03.2024 06:07

Концептуалист суретшінің инсталляциясын еске түсіретін ерекше фильм


Концептуалист суретшінің инсталляциясын еске түсіретін ерекше фильм

Түпнұсқа атауы: Dune Part Two

Шыққан жылы: 2024

Жанры: ғылыми фантастика

Ұзақтығы: 166 минут

Режиссёрі: Дени Вильнев

Бюджет: 190 млн $

Дени Вильневтің ғарыш әлемінен сыр шертетін «Құмбел» (Dune) эпигінің екінші бөлімі көрерменді қайтадан шөлдегі Арракис планетасына алып барады. Герцог әулеті Атрейдестердің жас мұрагері Пол (Шаламе) анасымен (Фергюссон) бірге құмда тіршілік ететін фремендер арасына барып бас сауғалайды. Өзіне берілген қорқынышты аянға сенсе, оны болашақта даңқ пен билік күтіп тұр, бірақ… қанды қырғын болады дейді. Фремендер азаттыққа қол жеткізіп, планетаны отаршыл биліктің жауыздықпен пайдалануын тоқтатуды қалайды. Пол әкесін өлтірген Харконнен әулетінен кек алуды көздейді. Мақсаты ортақ болғанмен, әрқайсының құны өзінше бөлек.

Жарты ғасырдан бері «Френк Герберттің эпопеясын экрандауға бола ма?» деген күмән туғызып келе жатқан сұраққа Вильневтің «Құмбелі» сенімді әрі үзілді-кесілді жауап береді. Түрлі идея мен концепцияны, толыққанды бай әлемді, ондаған кейіпкерді бір томға сыйғызған «Құмбел» романы ықпалы мен көлемі жағынан ұқсас Толкиннің «Сақиналар әміршісі» секілді бейімделуі қиын үлкен өнер туындысына жатады. Жиырма жылдан астам уақыт бұрын Питер Джексон «Сақиналар әміршісін» экранға сәтті шығаруға болатынын дәлелдеді. Енді міне, канадалық визионер де «Құмбелді» солай істеді.

Қысқаша айтсақ, «Құмбел: екінші бөлімі» туралы біріншісі секілді, тек одан да жақсы деген ой түюге болады.

Көркем көріністер бұрынғыдай көз сүйсінтеді, бірақ бұрынғыдан да ауқымды, локациясы, интерьері мен экстерьері көп, сарайлар, амфитеатрлар, катакомбалар, шағыл планетаның шексіз құмы және минималистік сән-салтанаты жарасқан тақ залдары. Бұл әлдебір концептуалист суретшінің инсталляциясын еске түсіретін ерекше заманауи фильм.

Фильмдегі дыбыстың зор екені, әсіресе IMAX-тан көрген кезде байқалады. 2021 жылы шыққан бірінші «Құмбел» техникалық номинациялардың барлығында дерлік, әсіресе дыбысқа қатысты санаттарда «Оскар» алды, жалғасы да сол жетістіктерді қайталайтын сияқты. Циммердің бұрынғыдай күшті, салтанатты және мазаңды қашыратын саундтрегі арқыраған қозғалтқыштың дыбысымен, үлкен машиналардың шықырымен, нөпір халықтың жамыраған зарымен, жарылыс пен атыстың дүрсілімен сапырылысып жатады. «Құмбел» барлық сезім мүшесіне әсер етеді, көрермен залына жылжып келе жатқан дыбыс дуалы – картинаның басты эффектілерінің бірі.

Көркем көріністі шедевріне Дени Вильнев мықты актёрлер ансамблін тартыпты — Ребекка Фергюссонның, Тимоти Шаламенің, Зендея мен Хавьер Бардемнің қатарына қосылғандардың арасында Кристофер Уокен секілді ардагерлер де, «Оскар» номинанттары — Флоренс Пью және Элвис Пресли образын сомдап жұлдыз болған Остин Батлер секілді жас таланттар да бар. Батлер харизмасы бар психотик зұлымды сомдаса, Шаламе кейіпкерінің антиподы және антагонисі — Фейд-Раута рөлімен жарқырайды. Жағымсыз кейіпкерлер жағымды кейіпкерлерді көлеңкесінде қалдырып жататын сәттер де бар, мысалы, садист және тиран барон Владимир Харконнен рөліндегі Стеллан Скарсгард экранда аз ғана уақытқа көрінсе де, естен кетпейді. Алайда бұл фильмнің жұлдызы — Шаламе, ол өзіне де, таңдаған жолына да сенімсіз, өзі қаламаса да әскери және діни лидер жолына түсіп, уақыт өте келе күмәнді ысырып тастап, бәріне дайын болған жас кейіпкерді керемет ойнап шықты.

Герберттің кітабы шыққанына 60 жылдан асып кетсе де, өнердің өзге де елеулі туындылары секілді қай заманда да өзектілігін жоғалтпайды, қазір де режиссёрдің сюжетті баяндауы туралы, ойдан құрастырылған Құмбел әлеміне басып кіру туралы, Таяу Шығыста шын жарылыстар болып, шын адамдар қаза болып жатқан кезде, ал екінші бір Владимир сарбаздарын өлім таратуға жіберіп жатқан кезде бұл фильм бүгінгі күн үшін өзекті деп бір-екі абзац немесе бет арнауға болар еді, бірақ ұстамдылық та керек. Оның үстіне үлкен блокбастерде қандай да бір терең ой жатуы міндет емес, тіпті ондай ой болғанның өзінде, блокбастердің міндеті – көңіл көтеру. Ал «Құмбел: екінші бөлім» бұл міндетін керемет атқарып шықты!

Власть — это независимое медиа в Казахстане.
Поддержите журналистику, которой доверяют.
Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.
Поддержать Власть