Алматыдан облыстағы жаңа қала Алатауға дейін метро тарту жоспарда бар, деп хабарлайды LS.
Мемлекеттік сатып алулар сайтында үшінші метрополитен желісін салуға қатысты техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірлеу бойынша екі конкурс туралы хабарландыру жарияланды.
Жоспар бойынша метро желісі Алатау қаласынан "Мизам" базарына дейін (Солтүстік айналма жолы), әрі қарай "Сайран" станциясына дейін салынады. Бірінші учаскенің ТЭН-ын әзірлеу құны – 1,3 млрд теңге, ал екінші учаскенікі – 896,4 млн теңге деп бағаланған.
Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы ақпаратқа сәйкес, конкурсқа өтінімдер 11 маусымнан бастап қабылданады, ал соңғы күн – 18 маусым.
Бұған дейін, LS редакциясы Алматыда тағы екі метро желісін салу мүмкіндігі қарастырылып жатқаны туралы жазған болатын. Үшінші желі қаланың солтүстік бағытындағы көлік инфрақұрылымын дамыту аясында "Сайран" станциясынан "Солтүстік" көлік торабына дейін (Қапшағай трассасы мен БАКАД қиылысы) жүргізілуі мүмкін.
Ал екінші желі арқылы алматылықтар әуежайға "Жібек жолы" станциясынан тікелей жете алады. Ұзындығы – 14 шақырым. Сегіз станция салу жоспарланған. Бұл желі Гоголь көшесімен өтіп, Орталық мәдениет және демалыс саябағына дейін, әрі қарай Үлкен Алматы айналма жолы (ҮААЖ) арқылы Құлжа трактіне, "Шығыс" көлік торабына (Құлжа жолы – Рысқұлов даңғылы қиылысы) және әуежайға дейін жалғасады.